Алматыда кеміргіштердің саны мен таралуын азайтуға бағытталған кешенді санитарлық жұмыс қолға алынды. Бұл қаланың сегіз ауданының барлық аумағын қамтып, тұрғындардың денсаулығы мен тұрмыс жайлылығы үшін санитарлық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған.
Бұл туралы Қоғамдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.
"ЭКО Сервис Алматы" және "Ala Comfort" компанияларының мәліметінше, бүгінге дейін 47 мың гектардан астам аумақ дәріленді, 138 мыңнан аса тұрғын үй нысаны тұрақты бақылауда тұр. Жұмысқа күн сайын төрт маманнан тұратын 10 мобильді топ қатысады.
Дератизация жоспарға сәйкес, санитарлық талапты сақтай отырып, жыл бойы жүйелі түрде жүргізіледі. Қолданылатын барлық препарат санитариялық-эпидемиологиялық сараптамадан өткен, адам, үй жануарлары мен қоршаған орта үшін қауіпсіз.
Дәрілеу жұмысы жертөлелерде, контейнер алаңдарында, инженерлік құдықтарда және кеміргіштер жиі шоғырланатын табиғи аумақтарда жүргізіліп жатыр. Препараттардың әсер ету мерзімі – жеті күн. Осыдан кейін мамандар тексеріс жүргізіп, қажет болған жағдайда жем шашады.
Жеке сектор тұрғындары үшін аула аумақтарын өздігінен дәрілеуге арналған тиімді құралдар тегін беріледі.
Мамандардың айтуынша, кеміргіштердің күз маусымында белсенді бола түседі. Сондықтан тұрғындарға: қоқысты контейнерден тыс қалдырмау, жертөлелерді таза ұстау, кеміргіштердің көбеюіне жол бермеу сынды санитарлық тәртіпті сақтаудың маңызы еске салынады.
"ЭКО Сервис Алматы" компаниясы өкілдері атап өткендей, дератизация – бір реттік науқан емес, үздіксіз атқарылатын санитарлық жұмыс. Бұл үдеріс коммуналдық қызметтердің ғана емес, қала тұрғындарының да бірлескен жауапкершілігін талап етеді. Негізгі мақсат – Алматыны таза, қауіпсіз әрі жайлы ету.