Қазақстан Энергетика министрлігі Орынбор газ өңдеу зауытындағы оқиғадан кейін БАҚ пен әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
2025 жылғы 20 қазанда Орынбор газ өңдеу зауытында (ГӨЗ) шикізат қабылдау уақытша тоқтатылуына байланысты болған жағдайдан кейін Қазақстан Энергетика министрлігі ресми хабарландыру жасады.
"БАҚ пен әлеуметтік желілерде таралған, "Астана мен басқа да өңірлерде газ тапшылығы болуы мүмкін" деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта елдің газдандырылған өңірлеріне, соның ішінде елордаға газ қалыпты режимде, толық көлемде және еш шектеусіз жеткізіліп жатыр.
Газ жеткізудің тұрақтылығы алдын ала қарастырылған резервтік тетіктер есебінен қамтамасыз етілуде. Жеткізілмеген газ көлемі қолданыстағы келісімшарт аясында жедел түрде толықтырылып жатыр. Сондықтан ішкі тұтынушыларға, оның ішінде елордалық ЖЭО-да газ тапшылығы жоқ және болашақта да болмайды", — деп сендірді министрлік өкілдері.
Серіктестердің ақпаратына сәйкес, жақын арада Орынбор ГӨЗ-де газ қабылдау қайта басталуға тиіс.
"Уақытша шектеулерге байланысты Қарашығанақ кен орнының операторы өндіру көлемін бақылауда ұстай отырып, азайтты. Бұл шара Қазақстанның ішкі нарығына газ жеткізу міндеттемелеріне әсер етпейді. ГӨЗ қалыпты жұмысына көшкеннен кейін өндіріс көлемі жоспарланған деңгейде қайта жалғасады.
Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу мәселесі үкіметтің стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады және пысықталу үстінде. Энергетика министрлігі азаматтар мен БАҚ-ты тек ресми ақпаратқа сенуге және жалған ақпараттарға жол бермеуге шақырады. Бұл жағдай Қазақстан үкіметінің тұрақты бақылауында", — деп қосты министрлік ресми хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, Орынборда ұшқышсыз ұшақтың шабуылынан кейін апаттық жағдай болып, зауыт Қарашығанақтан шикі газды қабылдауды уақытша тоқтатқан болатын.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз