Қазақстан 2026 жылға дейін ел аумағын толықтай ұялы байланыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл туралы 2025 жылғы 21 қазанда Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Министрдің айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін Direct to Cell қызметі іске қосылады.

"Бірінші кезеңде, яғни 2026 жылы SMS-хабарламалар жіберу қызметі қолжетімді болады. Ал 2027 жылы дауыс байланысы мен деректерді беру қызметі іске қосылады. Осы жұмыстардың арқасында Қазақстан спутниктік байланыс саласында аймақтық цифрлық хабқа айналды", – деді Мадиев.

Сондай-ақ министр еліміздің географиялық тұрғыдан Еуропа мен Азияның тоғысында орналасқанын және халықаралық интернет-трафик транзитінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Қазіргі таңда бұл үлес шамамен 1,5% болса, 2027 жылға қарай оны 5%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.

"Бұл мақсатқа жету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олар халықаралық түйісу арналарының өткізу қабілетін 54%-ға арттыруға бағытталған. Бұл жобаларға Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту және жалпы ұзындығы 4 мың шақырымнан асатын "Батыс–Шығыс" гипермагистралін салу кіреді", – деді министр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның 500-ден астам ауылын спутниктік интернетке қосу жоспарланғаны хабарланған болатын.