Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Жиында төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен бірнеше облыс басшылары баяндама жасады.
Министрліктің деректері бойынша, 1 қазаннан бері тұрғын үй секторында 340 өрт тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,5%-ға аз. Алайда Атырау, Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстарында өрт саны артқан. Премьер-министр негізгі себеп ретінде тұрғындардың пеш жағу және газ, электр жабдықтарын пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарын орындамауын атады.
Олжас Бектенов Төтенше жағдайлар министрлігіне түсіндіру және алдын алу жұмыстарын күшейтуді, халықтың қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында еріктілер мен қоғам өкілдерін тартуды тапсырды. Білім беру мекемелерінде интерактивті сабақтар өткізу ұсынылды.
Сондай-ақ, демалыс және мереке күндері тұрғын үйлерде рейдтер өткізіліп, жылыту пештері мен жүйелерінің жағдайы тексеріледі. Анықталған қауіптер бойынша жедел шаралар қабылданады.
Өңір әкімдіктеріне әлеуметтік осал топтағы тұрғын үйлердің тізімін нақтылап, оларға ерекше бақылау мен қолдау көрсету міндеттелді. Энергетика министрлігіне газ баллондарының айналымын бақылау және өндіріс мәселесін шешу тапсырылды. Әкімдіктер мен газ қызметтері үйлерде газды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс, әр үйге ескерту датчигін орнату көзделген.
Төтенше жағдайлар министрлігі мен әкімдіктер өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастырып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын БАҚ пен әлеуметтік желілерде жүргізеді. Барлық үйлестіру жұмыстары Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.