Бүгін Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев кезекті жеке қабылдау өткізіп, алдын ала кезекке жазылған өңір тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдады. Қабылдауға жалпы саны 22 адам тіркелсе, олардың 20-сы қатысып, түрлі әлеуметтік және жеке мәселелерін көтерді.
Сарыағаш, Отырар, Жетісай, Төлеби аудандары мен Шымкент және Түркістан қалаларынан келген тұрғындар негізінен білім, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек және инфрақұрылым салаларындағы мәселелерді қозғады. Мәселен, бір азамат жұмыс істеген уақытындағы жалақысын ала алмай жүргенін айтса, енді бірі мектеп формасын алу қиындығын жеткізді. Сонымен қатар, мектептің атауын өзгерту, мамандық бойынша жұмысқа орналастыру, білім беру мекемелеріндегі ыстық тамақ ұйымдастыру және білім саласындағы заңсыздықтар жөнінде де өтініштер айтылды. Тұрғындардың бірі ауыз су тапшылығына қатысты шағымданса, тағы бірқатары әлеуметтік көмекке қатысты өтініштерін білдірді. Бұдан бөлек, психологтарды оқыту мәселесіне қатысты ұсыныстар да қаралды.
Тұрғындардың әрбір сұрағын мұқият тыңдаған Ертай Алтаев көтерілген мәселелер бойынша заң шеңберінде нақты жауап беріп, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Кейбір өтініштер қабылдау барысында бірден шешімін тауып, тұрғындар ризашылығын білдірді.
Қабылдауға облыстық басқарма басшылары мен тиісті сала өкілдері де қатысып, мәселелердің жедел әрі тиімді шешілуіне атсалысты.
Айта кету керек, облыс әкімінің орынбасары жыл басынан бері осындай қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасын табатын болады.