Өскеменде бірдей мемлекеттік нөмірмен жүрген екі көлік ұсталып, арнайы тұраққа қойылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомстволық басылымның хабарлауынша, Өскемен қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметкерлері бірдей мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүрген екі Toyota Alphard көлігін анықтаған.
Полиция бірінші көлікті 29 қыркүйекте тоқтатқан. Тәртіп сақшылары жүргізушінің жүргізуші куәлігінің және сақтандыру полисінің жоқ екенін анықтап, автокөлік арнайы тұраққа қойылған.
Ал 21 қазанда "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында дәл сол мемлекеттік нөмірмен жүрген тағы бір Toyota Alphard көлігі полицейлердің назарына ілікті.
Тексеру кезінде бұл көліктің шанағының сәйкестендіру нөмірі (VIN) көрсетілген мемлекеттік нөмірге сәйкес келмейтіні анықталды. Көлік жалған тіркеу нөмірлерін пайдаланғаны үшін арнайы тұраққа қойылды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде, полицейлер құқық бұзушылықтың мән-жайын және екі көліктің иелерінің арасындағы байланысты анықтап жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз