2025 жылғы 21 қазанда Ресей мен АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамптың Будапештте өтеді деп жоспарланған кездесуі болмайтыны белгілі болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 20 қазанда телефон арқылы сөйлескен. Осыдан кейін CBS News Ақ үйдің бір өкіліне сілтеме жасап, тараптар арасында "өнімді әңгіме" болғанын және Рубио мен Лавровтың жеке кездесуі қажет емес екенін хабарлады.

"Жақын уақытта президент Трамп пен президент Путиннің кездесуі жоспарланбаған", – деді америкалық шенеунік.

21 қазанда Дональд Трамп журналистерге берген сұхбатында бұл шешімге қатысты пікір білдірді:

"Мен бос кездесуге уақыт жұмсағым келмейді. Көрейік, бәрі қалай болатынын. Соңғы шешім әлі қабылданған жоқ", – деді ол.

Бұған дейін кейбір БАҚ өкілдері Путин мен Трамптың кездесуі жақын уақытта өтуі екіталай екенін, бұл Ресей тарапының ұстанымымен де байланысты екенін жазған еді.

The Telegraph басылымының хабарлауынша, Будапешт саммиті Лавров пен Рубио арасындағы сәтсіз телефон әңгімесінен кейін кейінге қалдырылған. Әңгіме барысында Ресей сыртқы істер министрі РФ Украинадағы майдан шебін "қатып қалдыратын" атысты тоқтатуға келіспейтінін мәлімдеген.

"Украинадағы атысты дереу тоқтату бір нәрсені ғана білдіреді – елдің басым бөлігі нацистердің қолында қалады", – деген Лавровтың сөзін басылым келтіреді.

Өз кезегінде Украина президенті Владимир Зеленский Будапешттегі келіссөздердің тоқтатылғанына наразылық білдіріп, Ресей мен АҚШ басшыларымен кездесуге дайын болғанын айтты.

Айта кетсек, бұған дейін, 16 қазанда, АҚШ пен Ресей президенттері телефон арқылы сөйлесіп, Будапештте жеке кездесу өткізуге келіскен болатын.