Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2025 жылдың 22 қазанында Мәжіліс кулуарында депутаттардың ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерін 110 мың теңгеге дейін арттыру туралы ұсынысына пікір білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Шенеуніктің айтуынша, қазіргі уақытта Мәжілісте 2026 жылға арналған республикалық бюджет жобасы қарастырылып жатыр.
"Қорытындысында депутаттар қалай шешім қабылдайтыны белгілі болады. Бірақ қазіргі бюджеттік жобаға ең төменгі жалақыны көтеруге арналған қаржы қарастырылмаған", – деді ол.
Депутаттар ЕТЖ мөлшерін арттыру жөніндегі ұсынысты үш жылдық бюджетке арналған қорытындыда көрсеткен.
"Әлеуметтік-мәдени даму комитеті ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру қажет деп санайды", – делінген құжатта.
2025 жылғы 9 қазанда Сенат депутаттары ең төменгі жалақыны белгілеу туралы, дамушы елдердің ерекшеліктерін ескеретін Конвенцияны ратификациялаған болатын.