Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар құрылыс нысандарын аралап, олардың барысын тексерді.

Сапар барысында ол Назарбаев даңғылының батыс жағында, Ганди көшесінің солтүстігінде орналасқан жаңа сквер мен "Алтын Сити" және "Жеті Қазына" тұрғын кешендеріндегі мектептердің құрылысымен танысты.

Алдымен әкім Ганди көшесінің солтүстігінде бой көтеріп жатқан скверге барды. Республика күні қарсаңында ашылуы жоспарланған демалыс аймағының дайындығы бүгінде 97%-ға жеткен. Сквер аумағында қыста мұз айдыны ретінде қолданылатын тоған салынған. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер мен жүгіру жолдары төселіп, автосуару және сыртқы жарықтандыру жүйелері орнатылуда. Мұнда 300-ге жуық ағаш және жүздеген бұта мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылды. Сонымен қатар ескі қоршауға реставрация жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Дархан Сатыбалды нысанды аралау кезінде жарық шамдарының санын көбейтуді және көгалдандыру кезінде жергілікті ағаш түрлеріне басымдық беруді тапсырды.

Әрі қарай қала басшысы "Алтын Сити" тұрғын кешенінде салынып жатқан 1 500 орындық мектеп құрылысымен танысты. Жоба "Келешек мектептері" ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Қазір нысанның дайындық деңгейі – 70%. Құрылыста 130 жұмысшы мен 8 техника жұмылдырылған. Мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Оқу орнында футбол алаңы, спорт және акт залы, асхана, балалар ойын және спорт алаңшалары болады. Мектеп заманауи оқу жабдықтарымен және ұлттық стандарттарға сай кабинеттермен қамтамасыз етіледі.

Сапар соңында әкім "Жеті Қазына" тұрғын кешенінің маңындағы 2 000 орындық мектептің құрылыс алаңына барды. Бұл жоба да "Келешек мектептері" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі уақытта нысанның дайындық деңгейі – 40%. Құрылыста 95 жұмысшы мен 10 техника еңбек етуде. Мектепті де биылғы жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Дархан Сатыбалды барлық нысандардағы жұмысты жеделдетуді, жұмысшылар мен арнайы техниканың санын арттыруды және құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.