Бұл 2028 жылғы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындары алдындағы шешуші жарыс болмақ.
Қазақстанда тұңғыш рет таеквондодан (WT) Әлем чемпионаты өтеді. Бұл туралы шешім бүгін Уси қаласында Дүниежүзілік таеквондо (WT) федерациясының Әлем чемпионаты аясындағы жиынында ресми хабарланды.
Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, осыған дейін Қазақстан 2027 жылғы Әлем чемпионатын өткізуге үміткер елдердің қатарына қосылған болатын. Бүгінгі жиын барысында Дүниежүзілік таеквондо федерациясы мен оған мүше елдердің өкілдері Қазақстанның кандидатурасын бірауыздан қолдады.
"Қазақстанды таеквондодан Әлем чемпионатын қабылдауға қауқарлы елміз деп санаймын. Біз кез келген жарысты жоғары дәрежеде, әлемдік талаптарға сай қабылдай алатынымызды Астанада өткен "Kazakhstan Open" жарысында дәлелдедік деп ойлаймын. Тамыз айында өткен халықаралық жарысымызға 700-ден астам спортшы қатысты. Одан бөлек, Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чоу мырзадан бастап, жарысымызға қонақ болған барлық өкіл жоғары бағалады", – деді Қазақстан таеквондо (WT) федерациясының президенті Кудрәт Шамиев.
Ол қазақстандық спортшылардың, төрешілердің, мамандардың осы уақыт аралығында шыңдалып, Әлем чемпионатын қабылдауға әбден дайын екенін айта кетті.
"2028 жылғы Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындары алдындағы шешуші әрі жауапкершілігі мол Әлем чемпионатын елімізде өткізу біз үшін үлкен мәртебе. Еліміздің атын дүниежүзілік таеквондо картасында белгілейтінімізге қуаныштымыз. Барша қазақ елін осындай сүйінші жаңалықпен құттықтаймын. Бұл біздің жұмыла атқарған жұмысымыздың жемісінің бірі", – деді Кудрәт Шамиев.
Осылайша, Қазақстан Орта Азияда таеквондодан (WT) Әлем чемпионатын қабылдайтын алғашқы ел болып тіркелді. Федерация 2027 жылғы Әлем чемпионатын Астана қаласында өткізуді жоспарлап отыр.
Айта кетсек, қазіргі таңда Уси қаласына әлемнің 179 елінен 991 таеквондошысы 2025 жылғы Әлем чемпионатына қатысуға жиналды. 24-30 қазан аралығында өтетін әлем біріншілігінде ел намысын 16 таеквондошы қорғайды.