Қазақстан таеквондодан (WT) 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу орны ретінде ресми түрде таңдалды. Бұл шешім Қытайдың Уси қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) жиынында қабылданды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Дүниежүзілік федерацияға мүше елдердің өкілдері бірауыздан Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Олар Астанада өткен халықаралық турнирлердің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті.

Алдағы әлем чемпионаты Қазақстанда және Орталық Азияда алғаш рет өтпек. Федерация турнирді Астанада ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда Уси қаласына әлемнің 179 елінен 991 таеквондошысы 2025 жылғы әлем чемпионатына қатысуға жиналды. 24-30 қазан аралығында өтетін әлем біріншілігінде ел намысын 16 таеквондошы қорғайды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз