Ақтөбе облысында 12 адам қайтыс болған жол апатына байланысты республикалық маңызы бар тас жолдың Хромтау қаласы мен Қарабұтақ ауылы аралығындағы учаскесінде көлік қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "ҚазАвтоЖол" компаниясына сілтеме жасап.
2025 жылғы 23 қазанда сағат 09:40-та Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғасы болуына байланысты "РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы" республикалық маңызы бар тас жолының 844-965 шақырымында (Хромтау қ. — Қарабұтақ ауылы) учаскесінде көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды", — делінген хабарламада.
Айта кетейік, 23 қазанда сағат 09:40-та Ақтөбе облысында ірі жол апаты болды. Апаттан 12 адам көз жұмып, тағы бес адам медициналық мекемеге жеткізілді. Полиция мәліметінше, Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен "ГАЗель" жолаушылар көлігі соқтығысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.
Медициналық мекемеге жеткізілген бес адамның үшеуінің жағдайы – ауыр, екеуінің жағдайы – орташа екені хабарланды. Бір адам ауруханаға жатудан бас тартқан.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз