Бүгінгі таңда Қазақстанда медицина саласын цифрландырусыз елестету мүмкін емес. Ел үкіметі медициналық көмектің сапасын арттыру, қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және дәрігерге жазылу кезегін қысқарту сияқты мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар шаралар қабылдауда.
Сонымен қатар, қаржыны тиімді басқару және медициналық ресурстарды жоспарлау да басты назарда тұр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құруды тапсырған еді. Бұл жүйе медициналық ұйымдар мен кадрларды тіркеуден бастап, техника мен ресурстарды жоспарлау және мониторинг жүргізуге дейінгі барлық процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай порталы арқылы азаматтар лицензия алу, медициналық деректерге қол жеткізу және "Денсаулық төлқұжатын" рәсімдеуді жеңіл жүзеге асыра алады. Жобаның бірінші кезеңі 2024 жылдың соңына, екінші кезеңі 2025 жылдың екінші тоқсанында аяқталуы жоспарланған.
Сондай-ақ, пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жобасы Астана қаласында пилоттық режимде іске қосылып, медициналық қызметтердің тиімділігін арттырған. Face ID және "Цифрлық құжат" жүйелері арқылы науқастар енді медициналық ұйымдарға барған кезде өздерін дәлелдеп, қажетсіз шығындардың алдын алады. Бұл тәсіл қаржыны үнемдеуге ғана емес, пациенттердің уақытын тиімді пайдалануға да мүмкіндік береді.
Медицина қызметкерлерінің жұмысы да жеңілдеді. Бұрын төрт түрлі ақпараттық жүйеде жұмыс істейтін дәрігерлер енді бір ғана жүйеде қызмет атқарып, құжаттарды толтыруға кететін уақыт 40%-ға азайды. Сонымен қатар, медициналық анықтамалар, оның ішінде 073/у (көлік жүргізу үшін), 075/у (медициналық тексеру), баланың денсаулық паспорты және жеке жұмысшыларға арналған медициналық кітапшалар eGov порталы арқылы электронды түрде қолжетімді. Бұл заңсыз анықтамалардың айналымын қысқартуға және тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік бюджет және МӘМС арқылы қаржыландырылатын 1900-ге жуық медициналық ұйым бар, олар 20 миллионнан астам азаматқа қызмет көрсетеді. Цифрлық жүйелердің енгізілуі, медициналық көмек сапасын арттырумен қатар, барлық процесстердің ашықтығын қамтамасыз етуге де септігін тигізеді.
Медицинадағы цифрландыру – тек ақпараттық жүйе енгізу ғана емес, бұл стратегиялық бағыт: ол науқастарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады, қаржыны тиімді пайдалануға жағдай жасайды және денсаулық сақтау саласын заманауи талаптарға сай жаңғыртады. Осылайша, Қазақстан цифрлық денсаулық сақтау саласында ірі жетістіктерге қол жеткізіп, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге жол ашуда.