Президент ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Олардың арасында мәдениет және өнер қайраткерлері де бар, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы мәдениет саласының көрнекті өкілдері Зарина Алтынбаеваға, Әйгерім Алтынбекке, Нина Жмеренецкаяға, Бақыт Қажыбаевқа берілді.
"Қазақстанның халық әртісі" атағына музыка, театр және кино өнерінің көрнекті қайраткерлері Болат Әбділманов, Меруерт Өтекешова, Айтқали Жайымов, Тамара Жанқұл, Шынар Жанысбекова, Б.Ибраев, Гүлжамал Қазақбаева, Рахилям Машурова лайық деп танылды.
"Қазақстанның халық жазушысы" атағы ақын Марфуға Айтқожаға, жазушы Ғаббас Қабышұлына берілді.
"Құрмет" орденімен марапатталғандардың қатарында актриса Гүлнәр Дусматова бар.
Бейбітшілікті, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Social theater-Camogli (Италия) театрының көркемдік жетекшісі Аквавива Джузеппе ІІ дәрежелі "Достық" орденіне лайық деп танылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз