Атырау облысы Индер ауданында жаңа "Димаш төбе" тарихи-мәдени кешені салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

ӨКҚ мәліметінше, "Димаш төбе" – тарихы тереңде жатқан, ел жадындағы қасиетті орын. 1978 жылы дәл осы төбеде көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев сапар барысында болған. Сол кезден бастап бұл мекен халық арасында "Димаш төбе" деп аталып келеді.

Кешен құрамында мұражай, демалыс алаңы және келушілерге арналған инфрақұрылымдар бар. Нысанның құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында басталып, биыл аяқталды. "Димаш төбе" мұражайы Индербор кентінен шығысқа қарай 8 шақырым жерде, Индер – Қарабау тасжолының бойында орналасқан.

Жоба облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асып, ауданның туристік әлеуетін арттырумен қатар Атырау облысының киелі жерлер картасын толықтырды.

"Бүгін біз тарихи һәм рухани маңызы зор ерекше нысанның ашылуына куә болып отырмыз. "Димаш төбе" – тек жергілікті халық үшін емес, бүкіл ел үшін қастерлі орын. Бұл жоба – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан – Адал азамат, еңбекқор халық" қағидаты аясында айтылған тарихи мұрамызды сақтау және келер ұрпаққа аманаттау мақсатымен үндес бастама", — деді Индер ауданының әкімі Серік Нысанбаев.

Бүгінде киелі орын қайта жаңғырып, жаңа келбетке ие болды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз