Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында елдің тұрақтылығы мен бірлігін сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстанның басты мақсаты – әділетті, қауіпсіз, таза әрі қуатты мемлекет құру.
"Бұл – барша азаматқа ортақ міндет және қастерлі парыз. Озық ел болу үшін біз әлі талай белесті бағындыруымыз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы әсіресе жастарға тұрақтылық пен тыныштықтың мәнін түсіндіру қажеттігін айтты.
"Еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан жастарымызды ең алдымен адал азамат етіп тәрбиелеу қажет. Адал азамат дегеніміз – елін, жерін құрметтейтін, заңға бағынатын, білімге ұмтылатын және ел бірлігін нығайтуға үлес қосатын тұлға", – деді Президент.
Оның айтуынша, мемлекеттің өркендеуі патриот, еңбекқор және мәдениетті жастардың болмысына тікелей байланысты.
"Әр азамат өз ісіне тиянақты, ұқыпты және жинақы болса, тұтас мемлекет те табысты болады. Біз бәсекеге қабілетті ұлт болуға тиіспіз. Ол үшін азаматтарымыз заманауи, озық ойлы және жасампаз болуы қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргі күрделі әрі құбылмалы заманда елдің дамуы батыл шешімдер мен сенімді қадамдарға негізделуі керек екенін атап өтті.
"Біз жарқын болашаққа қарай нық сеніммен жүруіміз қажет. Сонда ғана осы кезең халқымыздың сана-сезімінде ұлы бетбұрыс ретінде қалады деп сенемін", – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.