23 қазан күні Орал қаласында Жайық өзенінің жағалауында орналасқан демалыс алаңы толық жаңғыртудан кейін тұрғындар игілігіне қайта пайдалануға берілді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, жиналған қауымды Республика күні қарсаңындағы маңызды жаңалықпен құттықтады.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында өңірлердің дамуы халықтың өмір сүру сапасын арттырумен тікелей байланысты екенін үнемі атап өтеді. Қалалар мен елді мекендерді заманауи, жайлы және экологиялық тұрғыда таза ету – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта мемлекет тарапынан кешенді қолдау көрсетіліп, нақты жобалар жүзеге асуда. Бүгін, міне, ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Жайық жағалауындағы жаңғыртылған әдемі демалыс аймағы қайта ашылды. Бұл жер Орал қаласының тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналатынына сенімдімін", – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев өз сөзінде.

Жайық өзенінің жағалауында жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстары мамыр айында басталып, қыркүйек айының соңында толық аяқталды.

Жоба аясында жағалау аумағының инфрақұрылымы түбегейлі жаңартылып, заманауи демалыс орынына айналып, Абаттандыру жұмыстары 2,7 гектар аумақты қамтыды. Жағалаудың өзенге қараған бөлігі бір метрге биіктетіліп, қауіпсіздік мақсатында сәндік қоршаулар орнатылды.

Сонымен қатар, 16 мың шаршы метрге жуық көгал (газон) төселіп, 439 түп ағаш пен сәндік бұталар егілді.

Тұрғындардың демалысын тиімді ұйымдастыру үшін жағалауда заманауи балалар ойын алаңы, воркаут аймағы (ашық спорт алаңы), су бұрқақ, шағын архитектуралық формалар және 50-ге жуық орындық орнатылды.

Бұл жұмыстар қала тұрғындарының сапалы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қаланың эстетикалық және экологиялық келбетін жақсартуға бағытталған.

Жобаның тапсырыс берушісі – "Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі". Бас мердігер қызметін "Шымкент жасыл қала" ЖШС атқарса, техникалық қадағалауды "Батыс Сапа Құрылыс" ЖШС жүзеге асырды. Жоба жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған.

Жаңартылған жағалаудың ашылуына келген қала тұрғындары мен қонақтар жаңа демалыс аумағының көркіне тәнті болды. Түнгі жарықтандыру жүйесі, сәндік элементтер және өзен сұлулығын айшықтайтын жаңа архитектуралық шешімдер – барлығы да Орал қаласының заманауи әрі жайлы келбетін қалыптастыруға үлес қосуда.