Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы 23 қазанда болған жол апатынан аман қалғандардың жағдайы туралы айтты. Хромтау аудандық орталық ауруханасына жеткізілген адамдардың арасында 16 жастағы жасөспірім бар, дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр, деп хабарлайды Baq.kz.

Басылым мәліметінше, Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев бүгін бірнеше науқас санавиациямен Ақтөбеге жеткізілетінін айтқан.

"Бүгін біз қалаға үш пациентті санавиация арқылы жеткіземіз. Олардың бірі – 16 жастағы бала. Жағдайы ауыр. Біз Ұлттық шұғыл медициналық жедел жәрдем орталығымен байланыстамыз. Қажет болған жағдайда оны санавиация арқылы Астанаға жібереміз. Қазір ондай қажеттілік жоқ. Барлығы толық тексеруден өтіп жатыр", — деді ол брифингте.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 23 қазанда Самара – Шымкент автожолында, Белқопа ауылының маңында DAF жүк көлігі мен "ГАЗель" жолаушылар көлігі соқтығысып, салдарынан 12 адам қаза тапты.

Жол апатынан зардап шеккен тағы бес адам медициналық мекемеге жеткізілген.

Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.

Кейін Ақтөбе облысында болған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылғанын хабарлаған едік. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев комиссия мүшелеріне зардап шеккендерді Астанаға жеткізуді тапсырды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз