Түркістан облысында ауруханадан қашып кеткен сотталушы іздестіріліп жатыр. Болған оқиғаның егжей-тегжейімен өңірлік полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Облыста полиция ізін суытқан сотталушының қайда екенін анықтап, оны ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде.
ПД мәліметтері бойынша, 2025 жылдың 23 қазанында емделіп жатқан сотталушы медициналық мекемеден қашып кеткен. Оны ұстауға барлық полиция бөлімшелері жұмылдырылды. Облыс аумағында бақылау бекеттері қойылып, жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
"Болған оқиға фактісі бойынша қызметтік тергеу басталды, оның қорытындысы бойынша барлық кінәлі тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылданатын болады". Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі
Сондай-ақ, аталған жағдай облыстық полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында екендігі де нақтыланады.