Mаңғыстау туризм колледжінің өндірістік оқыту шебері Еламан Фараббайұлы өзінің авторлық балмұздағын жасап шығарды. Оның десерті қазақтың ұлттық өнімінен әзірленген.
Кейіпкеріміздің айтуынша, авторлық балмұздақ – ұлттық дәм мен заманауи аспаздық технологияны ұштастырған ерекше өнім. Қазіргі таңда оның ойлап тапқан балмұздағына сұраныс та жоғары.
«Осы балмұздақты жасап жүргеніме 5 жылдай уақыт болды. Бәріміз де балмұздақты жақсы көреміз, әсіресе балалар мен жастар күн сайын жейді десек болады. Жұрт жиі тұтынатын өнімді таза табиғи, ұлттық дәмнен неге жасамасқа деген ой келді. Солай ірімшіктен жасап, патентін алдым. 2023 жылы студентім Ұлдана Сарсанмен бірге «Жібек жолы» атты халықаралық турнирге қатысып, авторлық балмұздағымызды бауырсақтың жанына әсемдеп қойып ұсындық. Әр елден келген төрешілер өнімнің дәмін қатты ұнатып, жарыстан бірінші орын алдық. Ақтау қаласында ірімшіктен жасалған балмұздақты алғысы келетіндер көп. Әсіресе мейрамхана мен дәмханалар жиі тапсырыс береді. Балмұздақты өзім әзірлеймін. Ұлттық бренд аспаздық өнерде де кеңінен қолданылса, қазақ асханасын шетелге танытуға мүмкіндік бар», дейді Е.Фараббайұлы.
Идея авторы – қазір қызмет етіп жатқан колледждің түлегі. Бүгінде студенттерге ұлттық тағамдарды жаңаша әзірлеудің жолын көрсетіп жүр.