Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен құрылыс нысандарының сәулеттік жобаларын талқылауға арналған кеңес отырысы өтті. Жиынға қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары, жетекші сәулетшілер мен жеке инвесторлар қатысты.
Кеңес барысында Түркістан қаласы мен облыс аумағындағы құрылыс нысандарының сәулеттік келбетін сақтау, жаңа жобалардың өңірдің дизайн кодына сәйкестігі және қалалық орта эстетикасын жақсарту мәселелері қаралды. Әкімшілік және әлеуметтік маңызы бар нысандардың сыртқы келбеті мен ландшафтық шешімдері пысықталып, өңірдің сәулеттік тұтастығын сақтау бағытында нақты ұсыныстар айтылды.
Облыс басшысы Нұралхан Көшеров жиын барысында сәулет пен құрылыс саласындағы жұмыстарға жоғары талап қойылатынын атап өтіп, жобаларды іске асыру кезінде сапа мен үйлесімділікке баса мән беруді тапсырды.
«Түркістан – тек облыс орталығы емес, күллі елдің рухани астанасы. Сондықтан қала мен аудандарда салынатын әрбір ғимараттың сәулеті мен сыртқы келбеті қатаң бақылауда болуы тиіс. Нысандар ұлттық нақышта, сонымен қатар заманауи талаптарға сай бой көтеруі қажет. Әрбір жоба өңірдің бірегей болмысын айқындап, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруы тиіс», – деді облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы.
Кеңесте Түркістан қаласында жүзеге асырылатын бірқатар жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Тәуке хан даңғылы мен Байбұрт көшесін байланыстыру жобасы, Рәміздер алаңының сәулеттік тұжырымдамасы, сондай-ақ Әкімшілік-іскерлік орталығында салынатын мейрамхана мен қонақ үй кешенінің жобасы қаралды. Бұл нысандардың архитектуралық шешімдері Түркістанның тарихи болмысымен және заманауи даму бағытымен үйлесімді болуы мақсат етілген.
Бұдан бөлек, Түлкібас ауданындағы Т. Рысқұлов елді мекенінің орталық көшесін абаттандыру, ғимараттардың қасбеттерін жаңарту және сәулеттік реңкін біріздендіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Иірсу елді мекенінде аллея мен қарау алаңын салу жобасы, сондай-ақ Созақ ауданының Шолаққорған елді мекеніндегі орталық көше бойын абаттандыру және ғимараттардың сыртқы келбетін жаңарту жұмыстары пысықталды.
Кеңес барысында Созақ ауданында орналасқан “Баба Түкті Шашты Әзіз” кесенесінің аумағын абаттандыру жобасы да таныстырылды. Бұл жоба қасиетті орынның тарихи және мәдени маңызын сақтай отырып, туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Жиын соңында облыс әкімі жаңа нысандардың сәулеттік шешімдері бойынша айтылған пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып, жобаларды жетілдіру және іске асыру барысын бақылауға алу жөнінде нақты тапсырмалар берді. Әкімдік тарапынан құрылыс сапасы мен сәулеттік үйлесімділікке баса назар аударылып, әрбір жобаның өңірдің даму стратегиясына сәйкес орындалуы қадағаланады.