Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында 25 қазан – Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным!» салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік шараға қатысушылар алдымен Алаш қайраткерлерінің ой-пікірлерін тыңдап, өңір өнерпаздарымен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын шырқады.
Маңызды іс-шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, өңірдің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан бір топ азаматты марапаттады.
– Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – халқымыздың сан ғасырлық арманы орындалған күн. 1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Декларация – еліміздің еркіндікке жасаған алғашқы нақты қадамы. Бүгінде біз әлемге тәуелсіз, бейбіт, біртұтас және дамушы мемлекет ретінде танылдық. Елдігіміз анықталып, шекарамыз белгіленді. Жарқын болашаққа сеніммен қадам басып келеміз. Бұл – бірлік пен парасаттың жеңісі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Жолдауында ел дамуының жаңа басымдықтарын айқындады. Цифрлық даму, инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыра отырып, шикізаттық сектордан терең өңдеуді дамытуды тапсырды. Мемлекеттік басқару, білім беру және денсаулық сақтау жүйесін жасанды интеллект арқылы жаңғыртуды жүктеді. Сонымен бірге цифрлық технологияларды агроөнеркәсіп пен өңірлік экономикаға енгізу міндетін де қойды.
– Біздің басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру. Түркістан тек киелі шаһар ғана емес, стратегиялық маңызды өңірге айналды. Алдағы міндет – осы тарихи мүмкіндікті толық пайдаланып, Түркістанды тек облыс орталығы ғана емес, ел экономикасына серпін беретін аймаққа айналдыру. Бұл үшін біз бірлігімізді бекемдеп, елдік мүдде жолында жұмыла еңбек етуіміз қажет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Түркістанымыз нұрлы болсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімі еңбегімен дараланған азаматтарды, мемлекетті дамытуға үлес қосып жүрген қайраткерлерді марапаттады. Атап айтқанда, «Парасат» және «Құрмет» ордендері, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары табысталды. Марапатталғандардың қатарында еңбек ардагерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет және бизнес өкілдері, бақташылар мен машинистер бар. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбай «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісін Мақтаарал ауданының әкімі Асанов Бақыт Насырханұлын табыс етті.
Мемлекет басшысы халыққа биылғы Жолдауында инвестиция тарту жүйесін жаңғыртуды тапсырған болатын. Облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Өңір экономикасының дамуына тың серпін беретін жалпы құны 2,6 трлн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жоба пулы қалыптасты. Негізгі бағыттары – өңдеу, энергетика және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеу. Жобаларды толық іске асыру нәтижесінде 24 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке қосымша 100 млрд теңге салық түседі. Биыл 332 млрд теңгеге 57 жобаны іске асырып, 8 174 жұмыс орнын ашу жоспарланған. 9 айда 33 жоба іске қосылып, 4 793 жұмыс орны ашылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңір экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталып, өсім 115,9%-ға жетті.
Мемлекет басшысы ел дамуының негізгі секторы – қуатты өнеркәсіп әлеуетіне негізделген әртараптандырылған экономиканы құру қажеттілігін айқындады. Өңірдің индустриализация әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалды және 3 арнайы экономикалық аймақ, сондай-ақ шағын өнеркәсіптік парк құрылған. Индустриалдық аймақтарда құны 152 млрд теңгені құрайтын 98 инвестициялық жоба іске асырылуда.
Жалпы өнеркәсіп саласында атқарылған шаралардың есебінен 9 айда 1,1 трлн теңгеге өнім өндіріліп, өсім 113,5%-ға жетті. Өңір экономикасының маңызды саласы ауыл шаруашылығында өнім 855 млрд теңгені құрап, өсім 101,5% деңгейінде орын алды. Өндірілген өнім бойынша Түркістан облысы республикада көшбасшы.
Президент 2025 жылы жалпы экономиканың 7% өсімін қамтамасыз етуді тапсырған. Осы межеге жету жолында өңірде айтарлықтай ілгері қадам жасалып келеді. Биылғы 9 айдың қорытындысында экономикалық өсім 114,8%-ға жетіп, республикадағы жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр. Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі қамтамасыз етілді.
Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен жалғасты. Облыс өнерпаздары көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мың бұралған бишілер өнерін көрсетті. Концертте Сая Махамбет, «Абырой» тобы, әзірбайжандық Лейла Алиева, Руслан Ақынбеков және басқа да әншілер республика күні мерекесінің мәнін аша түсті.