Францияның бірінші ханымына қатысты кибербуллинг ісі бойынша Парижде 10 адам, онда да сегіз ер адам және екі әйел сотқа тартылмақ, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оларға интернетте Брижит Макронның жынысы мен сексуальдық сипатына қатысты "қаскүнемдік пікірлер" таратты және президент пен оның арасындағы жас айырмашылығын "педофилия" деп көрсетті деген айыптар тағылады, деп жазады ABC. Сот отырысы 2025 жылдың 27 қазанында басталады деп жоспарланған.

Прокуратураның мәліметінше, айыпталушылар арасында педагог, информатика маманы, жарнама менеджері және өзін медиум ретінде таныстырған әйел де бар. Олардың жасы 41-тен бастап 60 жас аралығын қамтиды. Ал желідегі жарияланымдары ондаған мың қаралым жинаған.

Макрондар бірнеше жылдар бойы қастандық теориясының, біздіңше, алып-қашпа сөздердің құрбаны болып, зардап шегіп келеді. Оған сәйкес, Брижиттің шыр етіп дүниеге келгендегі есімі Жан-Мишель Тронье көрінеді. Кейіннен трансгендер әйел болғанда Брижит атын иеленіпті-мыс. Негізінен, Жан-Мишель Тронье — Брижиттің ағасының есімі.

Бұған дейін, 2024 жылы Брижит Макрон мен оның ағасы екі әйелге қарсы осындай жала жабу ісі бойынша өткен сотта жеңіске жеткен. Бірақ апелляциялық сот бұл шешімнің күшін жойған. Енді олар Францияның Жоғарғы сот органына шағымдануда.

47 жастағы Эммануэль Макрон 2017 жылдан бері Франция президенті болып келеді.