Тәу етер Тәуелсіздікке бастау болған Республика күнінде БҰҰ миссиясы аясында жүрген Қазақстан бітімгерлері елімізді ерекше құттықтады.
«Жер шарының қай түкпірінде жүрсек те, еліміздің намысын абыроймен қорғап, көк Туымызды асқақтата желбіретіп жүру – қасиетті парызымыз», - деген Қазақстанның бітімгерлік миссиясы бүгінде Голан жоталарында тарихи миссия атқаруда.
«Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарында қызметін атқарып жатқан «Қазақстан бітімгершілік контингенті» жеке құрамы елімізді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз.
Бұл мереке – біздің Тәуелсіздігіміздің, бірлігіміз бен Отанға деген мақтанышымыздың символы. Бұл – Қазақстан халқының ынтымағы мен ел дамуына деген сенімін бейнелейді», - дейді Қзаақстан бітімгерлері.
«Біз, қазақ бітімгершілері – алыстағы елде Біріккен Ұлттар Ұйымының туы астында еліміздің атын абыроймен танытып, бейбітшілікті сақтау жолында қызмет етудеміз. Әскери қызметшілеріміз бақылау бекеттерінде тәулік бойы қызмет атқарып, жарылғыш заттарды жоюмен айналысуда. Өзіне жүктелген жауапкершілік аймағында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде», - дейді БҰҰ аясында қызмет етіп жүрген Қазақстан әскерилері.
Олар бүгінде өзге елдердің бітімгершілерімен ынтымақтаса әрекет етуде. Және өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, тәртіп пен әскери антқа адалдығын әлемге әйгілеуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Голан жоталарына алғашқы Қазақстан бітімгерлік миссиясын аттандырып тұрып: «Бітімгер болу деген сөз – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс. Қазақстан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдаймыз», - деген болатын.