2025 жылдың 28 қазанында таңертең Ақтау қаласында төтенше жағдай орын алды – көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде жарылыс болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Өңірдегі Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) баспасөз қызметінің мәліметінше, жарылыс 32в шағын ауданындағы "Асия" тұрғын үй кешенінің жертөлесінде орналасқан сервис орталығында болған.

"Оқиға орнына Маңғыстау облысының ТЖД-ның жеке құрамынан 15 қызметкер және 5 техника, сондай-ақ жедел жәрдем бригадасы шұғыл жетті. Құтқарушылар келген сәтте газ-ауа қоспасының жарылысы мен одан кейінгі өрттің тұтануы тіркелді. Өрт толық сөндірілді, қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр. Жарылыс толқынынан жертөле мен бірінші қабаттағы пәтерлердің терезе жақтаулары зақымданды, ал көршілес құрылыс алаңының 10 метрлік тас дуалы жартылай қирады. Сонымен қатар бірнеше автокөлікке зақым келген", – делінген ақпаратта.

Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.

Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасында екі ересек адамның жеткізілгені белгілі болды.

"1973 жылы туған ер адам қабылдау бөлімінің қызыл аймағында тексеруден өтті және жансақтау бөліміне жатқызылды. Науқастың беті, мойны, кеудесі, екі қолы, екі аяғы және арқасы күйген – 3-АБ дәрежелі 50–55% күйік, соның ішінде 20% – терең күйік. Сондай-ақ көздің қасаң қабығы күйген", – деп мәлімдеді дәрігерлер.

2003 жылы туған екінші науқасқа бет аймағындағы жарақатқа алғашқы хирургиялық өңдеу жасалып, амбулаториялық ем тағайындалып, үйіне жіберілді.

Зардап шеккендердің тағы үшеуі – балалар. Балалар ауруханасының мәліметінше, олардың екеуіне алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық емге үйіне жіберілген. Ал 2010 жылы туған қыз бала көміртек тотығымен улану диагнозымен педиатрия бөліміне жатқызылған.

Қазір жарылыстың нақты себебі мен келтірілген залал көлемі анықталуда. Төтенше жағдай қызметі тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.