2025 жылдың 28 қазанында Акордада өткен іс-шарада Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қазақстандық уранды экспорттау жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бүгін фин әріптестерімен қол қойылатын құжаттардың мәні – уран жеткізу мәселесін талқылау.
"Қазір қазақстандық уранды Финляндиядағы атом электр станцияларына жеткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазақстан әрдайым халықаралық нарықтағы үлесін кеңейтуге мүдделі. Біз өз серіктестерімізге де қазақстандық уранды сатып алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Бұл ұсынысты фин әріптестерімізге де білдіреміз", – деді Сәтқалиев.
Оның айтуынша, бұған дейін Финляндия билігі Қазақстан уранын сатып алуға зор қызығушылық танытқан.
"Бұл сапар – осындай жеткізілімдердің көлемі мен мүмкіндіктерін нақты талқылауға жақсы мүмкіндік беріп отыр", – деп түйіндеді Алмасадам Сәтқалиев.
Бұған дейін Сәтқалиев еліміздегі алғашқы АЭС-ке атау беру кезіндегі негізгі критерийлерді атап берген болатын.