Ақмола облысының Щучинск қаласында ірі алаяқтық фактісі тіркелді. Дәлірек айтсақ , пәтерін сатқан әйел оңбай алданып, 11,8 млн теңгесінен айырылып қалды.

Полицияның мәліметінше, алаяқтар қазір кең тараған «кибершабуыл» әдісін қолданған. Яғни өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырған олар жәбірленушіні «шотыңыздағы ақшаңызды әлдекімдер шешіп алғалы жатыр» деп қорқытады. Кейін «ақшаңыздан айырылмау үшін оны қауіпсіз шоттарға салып қойыңыз» деп нұсқау береді.

«Щучинск қаласының тұрғыны да осы кибералаяқтықтың құрбаны болды. Өздерін полиция қызметкеріміз деп таныстырған олар әйелдің шотына шабуыл жасалып жатқанын, әлдекімдер оның атына несие алғалы жатқанын айтып қорқытқан. Шоттағы ақшаны «құтқару» үшін алаяқтар оған үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің шоттарын берген. Әйел әртүрлі терминалдан 32 операция жасап, ақшасын алаяқтар айтқан дропперлердің шотына аударған», — деп хабарлады полиция.

Артынша алаяқтар нөмірлерін бұғаттап, ізім-ғайым жоғалған.