Жамбыл облысының әкімдігі мен Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлесіп «Әулиеата жастары» бағдарламасын іске қосты. Жоба Жамбыл облысының 35 жасқа дейінгі үй кезегінде тұрмаған барлық жас тұрғындарына арналған , деп жазады Egemen.kz.
Үміткердің Жамбыл облысында соңғы үш жылда тіркеуі болуымен қатар жасы 35-тен аспауы керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Тараз қаласының тұрғыны Қайрат Тұрсынбаев аталған бағдарлама арқылы 2024 жылы баспаналы болған. Ол бір жыл бұрын бағын сынап бағдарламаға қатысқанына қуанышты.
«Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істедім де бағдарлама басталды деген хабарландыруды көрдім. Бірден құжаттарымды өткіздім. 15 млн теңгеге Тараздан 2 бөлмелі үй алып, қуанышым қойныма сыймады. Отбасы банкінің жастарға көңіл бөліп, бағдарлама шығарғандарына алғыс айтамын. Жастар, қапы қалмай қатысып, бақтарыңды сынаңдар», дейді Қайрат Тұрсынбаев.
Биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алудың тағы бір қосымша құралына айналады. 2022 жылы басталған бағдарлама арқылы осы уақытқа дейін 325 отбасы қоныс тойын тойлады.
«Осы бағдарлама арқылы 35-жасқа дейінгі азаматтарды баспанамен қамту жүргізілуде. Биыл Әулиеата жастарына 1 млрд 250 млн теңге бөлінді. Әкімдік тарапынан 1 млрд қолдау болса 250 млнды Отбасы банкі беріп отыр. Осы жолы жоспар бойынша 80-нен астам Отбасы баспаналы болады», дейді «Отбасы банк» Жамбыл облыстық филиалының директоры Нұрлан Сұлтанов.
Айта кетейік, жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтінімдерді қабылдау www.e-jambyl.kz порталында қазан айының 28-нен, қараша айының 6-сына дейін жүзеге асады. Өтінім беру үшін ЭЦҚ (электронды цифрлы қолтаңба) қажет.
Ал тұрғын үй сатып алуға Отбасы банк 15 млн теңгеге дейін қарыз береді (егер мүліктің құны одан асатын болса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады). Қатысушыларды іріктеу үшін құжаттарды бағалау жұмысы жүргізіледі. Бастапқы жарна – 5%, несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%), несиенің төлем мерзімі – 19 жылға дейін.