ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 29 қазанда Қазақстан аумағында еңбек ететін шетел азаматтары туралы жаңартылған статистиканы ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 666 шетел азаматы еңбек етеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда шетел жұмыс күшін (ШЖК) пайдаланатын 1 896 жұмыс беруші бар. Оларда 339,1 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ы.
Шетелдіктерді қай саладағы жұмыстар қызықтырады:
- құрылыс саласында – 4 799 адам,
- ауыл, орман және балық шаруашылығы – 3 065 адам,
- тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 187 адам,
- өңдеу өнеркәсібі – 1 085 адам.
Қазақстанға еңбек мигранттары негізінен қай елдерден келеді:
- Қытай – 5 330 адам,
- Өзбекстан – 2 682 адам,
- Түркия – 1 046 адам,
- Үндістан – 1 012 адам.
"Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейтінін және бөлетінін естеріңізге саламыз. 2025 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2% мөлшерінде немесе 14,8 мың бірлік болып белгіленген, ал осы жылдың наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне байланысты министрдің бұйрығымен 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды",- делінген ақпаратта.
Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап маусымдық шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыру үшін кәсіптер тізбесінің кеңеюіне байланысты министрдің бұйрығымен жалпы квота республикадағы жұмыс күші санына қатысты 0,25% немесе 19,4 мың бірлік мөлшерінде белгіленді.
Бұған дейін 2025 жылы елге оралған қандастардың қайда қоныс тепкенін жазғанбыз.