2025 жылғы 29 қазанда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Ресейден Қазақстанға мұнай өнімдерін кедендік бажсыз жеткізу мүмкіндігін көздейтін заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Бұл норма "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 2010 жылғы 9 желтоқсандағы келісімнің күшін жаңарту және оған өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасында көзделген.

Мәжіліс депутаты, Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин бұл хаттама 2024 жылғы 27 қарашада Астанада қол қойылғанын атап өтті.

"Аталған келісім аясында Ресейдің мұнай өнімдерін кедендік бажсыз жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл Қазақстанның ішкі нарығын қажетті жанармай көлемімен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстан мен Ресейдің энергетика министрліктері арасындағы келісілген индикативтік балансқа сәйкес, мұнай өнімдерін импорттау жоспарланып отыр", — деді депутат.

Құжатта қолданыстағы келісімнің 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылатыны да қарастырылған.

Бұған дейін Ресейдің Қазақстаннан келетін тауарларды әкелуді жеңілдеткенін жазғанбыз.