Астанада құрылысы аяқталуға жақын қалған LRT жүйесі Қосшы қаласына дейін тартылатын болды. Бұл туралы бүгін Нұра ауданындағы "Үркер" тұрғын үй алабының халқымен кездесуінде Астана әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, Қосшыдан Астанаға күніне кемі 15-20 мың көлік кіреді.

"LRT жобасы жалғасады. Оның келесі кезеңі Қосшыға қарай созылады. Өйткені Қосшыдан Астанаға күніне 15-20 мың машина кіретінін білесіздер. Қала өсіп жатыр және Астанаға жан-жақты көмектесіп жатыр деуге болады. Спутник қала болғандықтан, Қосшыдан Астанаға қарай қозғалыс тоқтамайды", — деді Жеңіс Қасымбек.

Мегаполис әкімі LRT-ны Қосшыға қарай созу қаржы жағынан да тиімді болатынын айтады.

"Жеңіл рейсті жолдың екінші шеті Тұран даңғылына дейін созылады. Осылайша ескі вокзалға жетеді. Жалпы Қосшыдағы құрылысы келесі жылдың басында басталып, ең ұзақ дегенде бір жарым жылда аяқталады деген жоспар бар", — деді Жеңіс Қасымбек.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз