Қазақстанға импортталатын көкөніс пен жеміс өнімдерінің фитосанитариялық қауіптері туралы Ауыл партиясының депутаттары Парламент қабырғасында көтеріп, нақты реформалар мен шұғыл әрекеттерді ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

2025 жылдың басынан бері елімізде фитосанитариялық бақылау барысында 150-ден астам заңбұзушылық тіркелді. Бұл туралы Ауыл партиясы фракциясының депутаты Е.Б. Саурықов «Көкөніс-жеміс өнімдерін импорттау маусымының басталуына байланысты Қазақстан Республикасындағы фитосанитариялық жағдай туралы» атты депутаттық сауалында мәлімдеді.

Тіркелген заңбұзушылықтардың ішінде батыс гүл трипсі, оңтүстік америкалық қызанақ көбелегі, шығыс жеміс көбелегі және нематодтар сияқты аса қауіпті зиянкестер кездескен. Бұл зиянкестер көбінесе Ресей, Иран, Өзбекстан және Қытайдан әкелінген өнімдерден анықталған.

Ресейлік Россельхознадзор деректері де алаңдатарлық: 2024 жылы Қазақстаннан экспортталған өнімдерде залалдану деректері 2023 жылмен салыстырғанда төрт есе артқан. Соның салдарынан отандық өнімге экспорттық шектеулер қойылып, еліміздің аграрлық беделіне нұқсан келді. Бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне айтарлықтай экономикалық зиян тигізіп отыр.

Фитосанитариялық қауіптің күшеюіне бірнеше себеп бар. Ең бастысы — мемлекеттік органдар арасындағы үйлестірудің әлсіздігі мен шекаралық бақылаудың жүйесіздігі. Сонымен қатар, серіктес елдердің қазақстандық фитосанитариялық сертификаттарға деген сенімінің төмендігі де өз әсерін тигізуде.

Сондай-ақ депутат фитосанитариялық бақылау жүйесінің өзінде де бірқатар олқылықтардың бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, шекаралық зертханалар нашар жабдықталған, жалған сертификаттармен күрес жүйесі әлсіз, ал әкімшілік жауапкершілік айыппұлдар тым төмен деңгейде қалып отыр.

Депутат АҚШ-та қолданылатын электрондық фитосанитариялық сертификаттау жүйесін мысалға келтіріп, Қазақстанға да осыған ұқсас цифрлық бақылау механизмдерін енгізу қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, халықаралық стандарттарға сай жүйелі реформа жүргізіп, инспекторлардың біліктілігін арттыру, зертханаларды жаңғырту және қолданбалы ғылыми зерттеулерді күшейту қажет екенін айтты.

Ауыл партиясы фракциясы ұсынған негізгі ұсыныстар:

  1. Фитосанитариялық зертханалар мен бақылау бекеттерін жаңғырту;
  2. Цифрлық сертификаттау жүйесін енгізу;
  3. Инспекторларды халықаралық стандарттар бойынша оқыту;
  4. Ғылыми зерттеулер мен қолданбалы жобаларды қолдау;
  5. Айыппұл мөлшерін арттырып, жауапкершілікті күшейту;
  6. Жоғары фитосанитариялық тәуекелі бар елдерден импортқа уақытша шектеу енгізу;
  7. Мемлекетаралық ақпарат алмасу мен бақылауды күшейту.

Депутаттар Премьер-Министрге сауал жолдап, бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастырып, нақты шешімдер қабылдауды сұрады.

Бұл бастама — елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің халықаралық нарықтағы беделін сақтау жолындағы маңызды қадам.

Жанель ТӨЛЕУБЕКОВА, ЕҰУ студенті