Астана қаласы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті "Qyran" тұрғын үй кешенінде жылжымайтын мүлік сату арқылы ірі көлемде қаржы жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметінше, құрылыс компаниясының қызметкерлері сатып алушыларға макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар және басқа да "растайтын" құжаттарды көрсетіп, компанияда пәтерлер мен коммерциялық нысандарға толық меншік құқығы бар деп сендірген. Клиенттерге пәтерлер, паркинг орындары және коммерциялық үй-жайлар нарықтық бағадан төмен бағамен ұсынылған.
Алайда күдіктілер толыққанды сатып алу-сату шарттарын рәсімдемей, тек брондау келісімдері мен алдын ала шарттар жасаған. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайтыны және меншік құқығын бермейтіні анықталды.
Жәбірленушілер ақшаны қолма-қол және банктік аударым арқылы күдіктілердің жеке шоттарына аударған. "International Invest Company IIC" ЖШС есеп құжаттарында бұл төлемдер көрсетілмеген. Осылайша азаматтардан 3,8 млрд теңгеден астам қаражат жымқырылған.
Сонымен қатар күдіктілер екінші алаяқтық схеманы іске асырған: компания атынан жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, нысандарға меншік құқығын тіркегенімен, сатылымнан түскен қаражат компания кассасына түспеген. Бұл әрекеттен тағы 4,1 млрд теңге ұрланған.
Жалпы шығын көлемі 7,9 млрд теңгені құрайды.
Сот шешімімен 94 пәтерге, 51 паркинг орнына, 8 коммерциялық нысанға және бір автокөлікке тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынды.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты басқа ақпарат жарияланбайды.