Оңтүстік Кореяда қазақстандық садақшылар айқын жеңіске жетті .
Олар Ульсан қаласында өткен дәстүрлі садақ атудан әлем кубогында сәтті өнер көрсетіп, 31 елдің спортшыларын шаң қаптырды. Жарыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болып, 2 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Қазіргі Корея аумағындағы алғашқы садақ атушылар осы өңірде пайда болған деп есептеледі. Өткен ғасырдың 70-жылдары Ульсан қаласының маңынан арбалетке ұқсас қару бейнеленген петроглифтер табылған. Сондықтан дәстүрлі садақ ату федерациясының штаб-пәтері осында орналасқан. Содан да болар, осы қалада спорттың осы түрінен әлем кубогін өткізу туралы шешім қабылданды.
Оңтүстік Кореяда дәстүрлі садақ атудан алғашқы әлем кубогын өткізу туралы шешім кореялық спортшылар Астанада өткен Көшпенділер ойындарына қатысқаннан кейін қабылданған. Турнир бағдарламасына қазақтың жамбы ату сайысы да енгізілді. Нысанаға тек ат үстінен емес, жерде тұрып атуға рұхсат етілді. Ал дәстүрлі садақ атуды әлемге таныту ісіне Қазақстанда кеңінен танымал оңтүстіккореялық актёр атсалыспақ.
Сон Иль Гук, актёр:
- Мен «Ханзада Джумонг» телехикаясы арқылы әлемге корейдің дәстүрлі садағының артықшылығын танытқаныма мақтанамын. Енді Ульсанда өтетін әлемдік садақ ату жарыстарының ізгі ниет елшісі болғанымды да шын жүректен мақтан тұтамын. Бұл — садақтың туған жері.
Жарыс 4 категория бойынша өтті – корей ережесімен 145 метрден, еуропалық немесе венгрлік ережемен 90 метрден, түрік ережесімен 70 метрден және қазақ ережесімен 30 метрден ату. Соңғы екі санатта екінші орынды Түркістан облысы Төле би ауданының тумасы Мақсат Әбдікерімов жеңіп алды. Бұл спорт түрімен ол 5 жылдан бері айналысып келеді.
Мақсат Әбдікерімов, дәстүрлі садақ атудан Қазақстан құрамасының мүшесі:
- Руым Қапал батыр болғандықтан сол тікелей сол жақтан келді деп ойлаймын. Ата-бабамыздың қалай елді қорғағандығын сезіну үшін осы нәрсемен айналысып тұрмын. Өте қиын. Біз олардың дәрежесіне жететін мерген болған жоқпыз, бірақ соның өзінде әлі жету қиын. Барынша айналысамыз деп ойлаймын.
Жамбы ату санатында бірінші орынды иеленген Аяш Кабдоллаеваның да бабасы атақты Барақ батыр екен. Алайда оны садақ атуға қызықтырған – келіні, Қазақстан құрамасының мүшесі Ажар Төлеуқанова. Қазір Аяшпен бірге бұл спортпен жары да айналысады және ол садақ жебесін өзі жасайды. Ал спорттан бос уақытта Аяш Кабдоллаева балалар шығармашылық үйінде ұстаздық етеді.
Аяш Қабдоллаева, дәстүрлі садақ атудан әлем кубогының чемпионы:
- Садақ ату маған өте ұнайды. Талап, ынта, мақсат болса, тіпті қиын емес. Кез келген жаста, кез келген уақытта қатыса беруге болады. Мен мысалы, өзім шамалас адамдарға да, үлкен адамдарға да айтар едім: «қорықпаңыздар, келіңіздер, қатысыңыздар» деп. Қазақ елінің намысын қорғайтын қазақ әйел-нәзік жандар керек.
Әлем кубогының алғашқы күнінде жарысқа қатысушы 32 елдің өкілдері штаб-пәтері Ульсанда орналасатын Дәстүрлі садақ ату бойынша Әлемдік федерация құру туралы хаттамаға қол қойды.
Ким Джун Дон, дәстүрлі садақ атудан әлем кубогын ұйымдастыру комитетінің төрағасы:
- Әлем кубогының жалпы жүлде қоры 73 мың АҚШ долларынан асады. Жалпыкомандалық бірінші орын үшін жүлде – шамамен 10,5 мың доллар. Ең үздік нәтиже көрсеткен спортшыға шамамен 5 мың доллар табыстаймыз. Ал төрт санаттың жеңімпаздарының әрқайсысы 1700 доллардан астам сыйақы алады. Келесі жылдан бастап жүлде қорын айтарлықтай арттырамыз.
Әлем кубогының ұйымдастырушылары келесі екі турнирді де Ульсанда өткізуді жоспарлап отыр. Қатысушы елдердің санын 50-ге дейін көбейту көзделген.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян