Елде падел спорты дамып келеді .
Қазір 1,5 мыңнан астам ойыншыны біріктіретін қоғамдастық қалыптасып, 16 облыста өңірлік федерация құрылды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық падел федерациясының президенті Луиджи Карраро мен Premier Padel әлемдік кәсіби турының төрағасы Нассер Бен Ганим Әл-Хелаифиді қабылдап, спортты дамыту перспективасын талқылады. Мемлекеттің бұқаралық спортты өркендетуге және заманауи инфрақұрылым жасақтауға айрықша көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Қазір елде падел ойынына арналған 17 корт бар. 2027 жылы Алматы қаласында халықаралық стандартқа сай келетін 10 корты бар ADD PADEL ARENA спорт кешенін ашу жоспарланып отыр. Орталық Азиядағы заманауи спорт нысандарының біріне айналатын бұл аренада Premier Padel деңгейіндегі турнирлерді ұйымдастыруға болады. Кездесу барысында Нассер Әл-Хелаифимен футбол жөнінде де сөйлесті. Естеріңізге сала кетейік, ол Пари Сен-Жермен клубының акционері. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде футбол клубтарын жекешелендіру және бәсекелес орта қалыптастыру шаралары жүргізіліп жатқанына назар аударды.