Түркістан облысында 114 мың гектар алқапқа тамшылатып суару әдісі енгізілді, деп хабарлайды 24KZ. Шаруалар су үнемдеу жүйесі арқылы қуаңшылықтан қысылмай шығып, өнім көлемін еселеуге мүмкіндік алып отыр. Ал шымкентіктердің өнеркәсіптік жылыжайында да өнімділік артқан. Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында жаңа технологияларды енгізген шаруашылықтардың 80% шығыны мемлекет тарапынан субсидияланады.
Отырар ауданындағы Бақтыбек Дадайдың шаруашылығында тамшылатып суару технологиясы тиімді нәтиже берді. Егістік алқапта мақта, жүгері, күнбағыс және суды көп қажет ететін күріш өсіріліп, өнімділігі күткеннен де жоғары шыққан. Шаруаның айтуынша, су үнемдеу жүйесі шығынды азайтып, егін сапасын арттырған.
Бақтыбек Дадай, шаруа:
- 450 гектар тамшылатып суарумен ектік. 50 гектар толық суарумен. Енді екеуінің айырмашылығы әр гектарынан 4-5 тоннадан алып жатырмыз. Енді мынадай толық суарудан 3-4 тонна көп айырмашылығы бар.
Биыл шетелдік компания тарапы 23 мың гектар мақта алқабына заманауи технология енгізді. Су құбыры арқылы тыңайтқыш беріліп, мол өнім жиналған. Озық тәжірибені кеңінен насихаттау мақсатында егістікке экскурсиялар ұйымдастырылды. Нәтижесінде өңірдегі 97 шаруашылық су үнемдеу технологиясын таңдады. Мемлекет тарапынан шаруалардың шығынын жабуға 7 миллиард теңге субсидия бөлінді.
Әлібек Плалов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Биылғы жылы жаңа технологияларды, су үнемдеу технологияларын пайдалана отырып, 50 мың гектар жерге мақта дақылдары егілді. Бұл өз кезегінде мақта дақылының өнімділігін екі есеге арттыруға өз септігін тигізетініне көзіміз жетіп отыр. Мына жерге 32 мың гектарға мақта дақылы егілген. 60 центнерге дейін өнім беру көзделіп отыр.
Ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары да өнімділікті арттыру үшін заманауи технологияға көшу қажет деп санайды. Себебі бұған дейін суару жүйесінің сақталмауы салдарынан топырақ тұзданып, су ресурстары сарқылған.
Болат Мырзабаев, М. Әуезов атындағы оқу агроөнеркәсіптік кешен зертханасының меңгерушісі:
- Мақтаарал, Отырар ауданы, Түркістан аудандарында уақытында суды дұрыс пайдаланбай, нормасын ұстамай, көп жер тұзданып кетті. Біз жаңа технологияларды қолдап жатырмыз.
Қала аумағында барлығы 23 мың гектар жерге ауыл шаруашылығының өнімі егілді. Алқаптың басым бөлігіне арпа, бидай, мал азығы мен майлы дақылдар себілген. Шаруалар су ресурсын тиімді пайдалану үшін жылыжай кешендерін салып, оны кеңейтуге көңіл бөле бастады.
Өңірде 47 шаруашылыққа қарасты 100 гектар жылыжай жұмыс істейді. Оның жартысында ауылшаруашылық өнімдері гидропоника әдісімен өсіріліп, тамшылатып суарылады. Бұл технология жоғары сапалы өнім алуға мүмкіндік беріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Нұрмахан Мұсатов