Енді қазақстандықтар хабар-ошар алысу үшін ұлттық мессенджерге ауысуы мүмкін. Жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізген Президент Қ.Тоқаев Үкіметке осыны пысықтауды тапсырды. Себебі, қазір қолданылатын халықаралық платформалардың кейбір талаптары ұлттық заңнамаға қайшы. Мемлекет басшысы мұндай тәжірибе жеке деректердің юрисдикциямыздан тысқары жерге тарап кетуіне әкелуі ықтимал екенін айтты. Ал тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады деп отандық Aitu мессенджерін үлгі ретінде ұсынды.
Жасанды интеллект дүниенің дидарын өзгертіп жатыр. Қарқыны қатты. Түбі мимен күресетін заманды ЖИ-мен күресетін заман алмастыратын сияқты. Қазірдің өзінде онсыз бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Ол «ұлт дербестігінің кепіліне, экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналып жатыр», — деді Президент жасанды интеллект мәселелерін талқыға салған алқалы жиында. Бірақ салаға қатысты бұған дейін берген тапсырмалары сылбыр орындалып жатқанын сынға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен бұған дейін бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құру ісін тездету туралы айттым. Қажетті инфрақұрылымды дайындап, заңнамалық негіз бен мәліметтерді жинау жүйесін әзірлеп, жасанды интеллектіні енгізу жұмысын бастауды тапсырдым. Бірақ бұл тапсырмалардың орындалу барысы мәз емес.
Президент цифрлық саясаттың 9 бағытын атады
Енді қол қусырып қалсақ, көш соңында қаламыз. Сондықтан Президент цифрлық саясатқа арқау болатын 9 бағытты белгілеп берді. Алдымен жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторына енгізу қажет деді. Сонда өндірістегі үдерістер жаңаша сипат алады. Тиісінше, еңбек өнімділігі артады. Ал мемлекеттік басқару саласын одан әрі цифрландыру ісін, мемлекет басшысы, екінші басымдық ретінде атады. Бұған жауапты министрліктің әзірлігі күні бұрын басталып кетіпті.
Дулат Мамырқұл, ҚР ЦДИАӨМ жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің басқарма басшысы:
Ұлттық жасанды интеллект платформасының ішінде мемлекеттік органдар өздерінің ЖИ енгізу бағытында агенттер, чат-боттар дейміз, сондай жүргізе алады. Мысалы, ДСМ өзінің ЖИ агенттері арқылы оқытып, сынап ары қарай өзінің медицина агентін дамыта алады.
Медицина демекші, осы саладағы ауқымды ақпараттардың негізінде ЖИ көмегімен дұрыс диагноз қоюға әрі ем-шара тағайындауға мүмкіндік бар. Бұл – президент атаған үшінші бағыт.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру ісіндегі жүйесіздік түрлі заңбұзушылықтарға жол беруде. Мысалы, былтыр әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізілді. Сол кезде қомақты қаражаттың шығын болғаны анықталды. Цифрлық тәсілдер медицина саласының ашық және тиімді қызмет етуіне ықпал етеді.
Жасанды интеллект технологиясы тіршілігімізге дендеп енген сайын арнайы заңға деген сұраныс артып барады. Мәселен, ЕО, АҚШ, Қытай мен Канада саланы реттеудің төл моделін жасақтауға кірісіп кеткен. Біз де жаһандық трендтен қалыс қалмауымыз қажет дегенді айтты Президент. Мұны төртінші міндет деп қойыңыз. Бесіншісі – цифрлық инфрақұрылым дейтін тағы бір күрделі мәселе.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз жақында Орталық Азиядағы ең ірі суперкомпьютер кластерін іске қостық. Енді оны іс жүзінде кәдеге жаратуымыз қажет. Осыған орай Үкіметке суперкомпьютердің қуатын әділ бөлу ережесін әзірлеуді тапсырамын. Келешегі зор стартаптар мен ұлттық маңызы бар жобаларға басымдық беру керек.
Кезекті бағыт – деректерді басқару тиімділігін арттырып, киберқауіпсіздікті күшейту. Соңғысының маңызы тіпті ерекше. Себебі, ЖИ дамуымен бірге қауіп-қатердің мүлдем жаңа түрлері пайда болған. Айталық, нейрожелі арқылы адамның даусы мен бет-әлпетін айнытпай салатын биометриялық көшірмелер алаяқтардың тиімді құралына айналып кетуі мүмкін екенін айтты Президент. Әрі ақпараттық жүйелердің осал тұстарына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Киберқауіпсіздік – ұлттық маңызы бар басымдық. Бұл салада кімнің неге жауапты екені нақты көрсетілген бірыңғай басқару жүйесі және заманауи база болуға тиіс. Осы орайда Президент әкімшілігіне Қауіпсіздік кеңесімен бірлесіп 1 ай ішінде ақпараттық қауіпсіздік саласындағы міндеттер мен өкілеттіктерді қайта бөлу туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын.
Хабар-ошар алысып, қарым-қатынас орнатқандағы қауіпсіздік те осыдан тарайтын бір тармақ. Қазір қолданылып жүрген шет елдік мессенджерлер жеке сәйкестендіру нөмірі сияқты дербес деректерді сұрататыны бар. Мұндай тәжірибе қай жағынан да қауіпті деген Президент түбінде ұлттық мессенджерге көшуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанда отандық Aitu мессенджері әзірленді. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады. Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек.
Соңғы аталған бағыттар адами ресурсты дамыту мен инвестицияға қолайлы жағдай жасау мәселесін қамтиды. Басты міндет – Еуразияның цифрлық хабына айналу. Ал уақыт өте тығыз. Президент бүгінгі тапсырмалары бойынша ұсыныстар әзірлеуге екі ай мерзім берді.
Данияр Қайыртай