Еуропа мен Оңтүстік Шығыс Азияда сталкинг ұғымы қылмыстық кодекске осы ғасырдың басында енгізілген, деп хабарлайды 24kz.

Көп елде жаза қатаң. Өйткені сталкинг соңы зорлық-зомбылыққа, тіпті жәбірленушінің өліміне де әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан әлемнің бірқатар елінде адамды заңсыз қудалап, өміріне қауіп төндірсе, өмір бойы темір торға тоғытылуы да ықтимал. Жалпы төрткүл дүниеде аңдуға тап болған жандарға қалай және қандай көмек көрсетіледі?

Зайнұр Байжігіт, тілші:

- Еуропаның көп елінде адамның жеке өмірі мен еркіндігіне қол сұғатын қауіпке тап болғандар бірден полицияға шағымдануға құқылы. Мәселен Германия, Франция, Ұлыбританияда тәртіп сақшылары сот арқылы қорғау ордерін береді. Яғни, сталкерге жәбірленушіге жақындауға, хабарласуға, әлеуметтік желі арқылы жазуға тыйым салынады. Жаза да қатаң. Жәбірленушінің өміріне қауіп төнсе, 5-10 жылға, ал өліміне әкелсе, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда соған қарамастан Қарт құрлықта мұндай деректердің азаятын түрі жоқ.

Цитата: Патрик Кью Брэди, Колорадо университеті криминология кафедрасының доценті:

- Сталкингке ұшырағандардың тек 16%-і көмекке жүгінеді. Бірақ әр үшінші жәбірленушінің шағымы аяқсыз қалады. Бұған бала мәселесі, тілді білмеуі немесе арнайы орталықтардың аздығы себеп. Бұл сталкингтен қорғану үшін жалғыз заңның ғана қабылдануы жеткіліксіз екенін көрсетеді.

Әлемнің кей елдерінде сталкингке қарсы қосымша шаралар бар. Мәселен, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда және Үндістанда арнайы жедел желі жұмыс істейді. Бангладеште әйелдерді қорғау полиция бөлімшелері ашылған. Ал, Ұлыбританияда құқық қорғаушылар күдіктіні психологқа қаралуға міндеттейді. Сондай-ақ жәбірленушіге аңдушысының кім екенін хабарлауға тиіс. Өйткені олардың көбі ізін аңдыған адамды танымайтын көрінеді.

Цитата: Уилл Болтон, The Telegraph басылымының тілшісі:

- Англияның және Уэльстің әрбір жетінші тұрғыны сталкингке ұшырайды. Бірақ полицияға берілген арыздардың тек 5%-і бойынша қылмыстық іс қозғалады. Былтыр тәртіп сақшылары дерек-дәйектері жеткілісіз болғандықтан 30 мың істі жабуға мәжбүр болған.

Ал, халықаралық құқық қорғаушылар мәселенін басқа да қыры бар деп санайды.

Цитата: Суки Бхакер, Suzy Lamplugh Trust қайырымдылық қорының басшысы:

- Кез келген жәбірленушіге мамандандырылған қорғаушының көмегі қажет. Алайда полиция немесе қолдау орталықтарының мамандары көбіне мұндай қызметке жүгінбейді. Олар жәбірленушілердің қайғысына бей-жай қарайды.

Әлем елдерінің тәжірибесіне қарасақ, сталкерге қарсы тұруға әркімнің батылдығы жете бермейді. Сондықтан бұл мәселеге полицияның дер кезінде араласуы маңызды. Ең бастысы, жәбірленушіге психологиялық қолдау керек. Өйткені адамның қауіпсіздігін қорғап қана қоймай, қоғамда зорлық-зомбылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.

Авторы: Зайнұр Байжігіт