Отандық ғалымдар мақтаның жаңа тұқымын шығарды. Олардың айтуынша, жаңа сұрыптың түсімі мол, қуаңшылыққа төзімді және басқа сұрыптар сияқты жиі дерт жұқтыра бермейді. Жаңа тұқымды оңтүстіктегі диқандар егіс алқаптарына екті. Талай жыл сынақтан өткен сұрып көл-көсір өнім беруге тиіс.

Ғалымдар мақтаның жаңа сұрпын шығарды

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының ғалымдары мақтаның жаңа сұрпын шығарды. «Мақтаарал-5027» деп аталған бұл сұрыпты Түркістан облысының диқандары еге бастады. Жаңа сұрып ерте піседі. Яғни 115 күннің шамасында жинауға болады. Гектарына 43 центнерден аса өнім береді.

Сұрып тыңайтқыш талғамайды және дертке жиі шалдықпайды. Мәселен, мақта көбелегі мен карадрина ауруына төзімді. Қазір елде мақта шаруашылығымен айналысатын 25 мыңнан астам агроқұрылым бар. Шаруашылықтар негізінен Түркістан облысында шоғырланған. Салада шашамен 70 мың адам еңбек етеді. Биыл егіс алқаптарында заманауи технологияны көптеп енгізуге назар аударылып отыр.

«Биыл заманауи технологияларды қолдану есебінен егіс көлемін 135,2 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Сала мемлекеттік қолдау мен су үнемдеу технологияларының енгізілуі арқасында тұрақты дамып келеді. Мысалы, тамшылатып суару технологиясы қолданылатын алқап көлемі 50 мың гектарға артып, дәстүрлі тәсілмен егілетін егістік көлемі 19,3 мың гектарға азаймақ. Бұл су ресурстарын үнемдеуге және климаттық өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік береді» — ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Мақтаның 85% экспортталады

Былтыр мақта егісінің көлемі 106 мың гектардан асты. Гектарына 28 центнерден аса өнім алынды. Барлығы 302 мың тоннаға жуық мақта жиналды. Мемлекет тарапынан мақта өндірушілерге кешенді қолдау көрсетіледі.

Мәселен, минералды тыңайтқыштар құнының 60% субсидияланады. Пестицидтердің 50%, биопрепараттардың 40% және элиталық тұқым құнының 70% мемлекет тарапынан өтеледі. Сонымен қатар мақта тұқымына 100%, суару шығындарының 85% дейін субсидия беріледі. Бұдан бөлек, инвестициялық субсидиялар да бар. Өнімге шетелден сұраныс зор.

«Елде жыл сайын 300 мың тоннадан астам мақта шикізаты және 70-75 мың тонна мақта талшығы өндіріледі. Өнімнің 85% Латвия, Түркия, Ресей, Қытай және тағы басқа елдерге экспортталады. Алайда қосылған құнды арттыру және сыртқы нарыққа тәуелділікті азайту үшін терең өңдеуді дамыту мәселесі басты назарда тұр», — ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Тәулігіне миллион жұмыртқа өңдейтін зауыт салынады

Елде тәулігіне миллион жұмыртқа өңдейтін зауыт салынады. Шетелдік компаниялар қатысатын кәсіпорын құрылысы тамызда басталады. Жобаның құны 15 млрд теңге.

Жалпы елде жұмыртқа жеткілікті. Яғни зауыт түгел отандық өніммен жұмыс істейді. Қазір дүкен сөресіндегі бір жұмыртқаның бағасы 70-80 теңгенің маңайында. Ал фабрикадан шыққандағы құны 31-32 теңге.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр елдегі құс саны 45 млн-нан асты. Жыл ішінде 2,6% көбейді. Ал жұмыртқа өндірісі 1% артық өсті. Яғни былтыр 4 млрд-тан аса жұмыртқа тұтынушыға жеткізілді. Сондай-ақ құс еті нарығының басым бөлігін отандық өндірушілер жауып отыр.

Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілер одағы басқармасының мүшесі:

- Халықтың 70% қамтамасыз етіп отырмыз. Менің ойым, қазір көп фабрика салынып жатыр. Бір жыл, екі жылдың ішінде өзімізді түгел қамтамасыз етеміз деген ой бар.

Биыл 9 құс фабрикасының құрылысы басталды

Жалпы алдағы жылдары құс шаруашылығындағы көрсеткіш арта түспек. Былтыр 6 кәсіпорын іске қосылды. Бұл фабрикалар жылына 16 мың тоннаға жуық ет өндіруге қауқарлы. Ал биыл 9 құс фабрикасының құрылысы басталды.

Импортқа тәуелділікті одан әрі азайту мақсатында 2027 жылға дейін жалпы құны 389 млрд теңге болатын 31 жаңа құс фабрикасын салу жоспары бар. Жаңа нысандардың жалпы қуаттылығы – жылына 365 мың тонна құс еті. Бұл Қазақстанның құс шаруашылығы нарығындағы позициясын едәуір нығайтып, өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.