ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті "Таза Өскемен" мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшылығына қатысты соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Бұрынғы басшылық қала көшелерін күтіп ұстауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша күдікке ілінген, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Күдіктілердің арасында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар. Лауазымын пайдаланған күдіктілер 2022-2023 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбей, бюджет қаражатын жүйелі түрде өздеріне қатысы бар коммерциялық құрылымдардың есепшотына заңсыз аударып отырған.

"Қылмыстық схеманың мәні материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеу болған. Құжаттарда жолдарды жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған арнайы техника жалдау, сондай-ақ, бұған дейін орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажет материалдар сатып алу туралы жалған дерек көрсетілген. Кейін жеке кәсіпкер бұл қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған, осылайша схемаға қатысушылар өзара бөліп алған", — деп жазылған хабарламада.

Залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асқан. Қылмыстық жолмен келген табысқа күдіктілер Өскемен қаласындағы қымбат тұрғын үй кешенінен пәтер, BMW X6M және Subaru Forester көліктерін, жер учаскелерін сатып алған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.

"Кәсіпорынның бұрынғы директорына екі айға қамауға алу шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр", — деді ҚМА өкілі.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget