Ислам Оруджев 10 жекпе-жек өткізіп, оның тоғызында жеңіске жетті.
Алматылық жас боксшы Ислам Оруджев WBC Amateur Turksoy турнирінің чемпиондық белбеуін жеңіп алды. Ол 52 келі салмақта маусым бойы 10 жекпе-жек өткізіп, оның тоғызында жеңіске жеткен. Екі кездесуді мерзімінен бұрын, яғни нокаутпен аяқтады.
Турнирдің финалдық кезеңі Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен болатын. Ақтық сында қазақстандық боксшы үш кездесу өткізіп, барлығында да қарсыласынан басым түсті.
Әсіресе, шешуші кезеңде спорт шебері, Өзбекстан олимпиадалық даярлау колледжінің студенті әрі Өзбекстан чемпионы Имрон Исмаиловты өз жанкүйерлерінің алдында бет қаратпай жеңді.
Мексикадан арнайы әкелген WBC Amateur чемпиондық белбеуін спортшыға Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков арнайы табыс етті. Белгілі меценат Нұрлан Қадырбеков боксшыға 500 мың теңге көлемінде сыйақы ұсынды.
"Бұл менің тырнақалды жетістіктерімнің бірі. Әрдайым жеңіске жетуге ұмтыламын, тынбай жаттығамын. Менің асқақ арманым – ел намысын әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары мен кәсіби бокста абыроймен қорғау", – деді Ислам Оруджев.
Оқи отырыңыз:
Елге оралған Бақыт Сәрсекбаев боксшылардың резервтік құрамасын жаттықтырады
Қазақстандық жас боксшы Тимур Баситов Таиландта жеңіске жетті