«Жолаушылар тасымалы» АҚ мереке қарсаңында теміржол билеттерінің құны өзгермейтінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Компанияның хабарлауынша, алдағы мерекелік кезеңде билеттер бағасы өзгеріссіз қалады, алайда жолаушыларды қамтамасыз ету үшін қосымша вагондар қосылады. Бұл әсіресе сұранысы жоғары Астана — Алматы; Астана — Шымкент, Ақтөбе — Астана бағыттарына қатысты.
Бұған дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ швейцариялық Stadler компаниясымен әртүрлі үлгідегі 557 жаңа вагон жеткізу туралы келісім жасаған. Олардың ішінде купе және плацкарт вагондары, ерекше қажеттіліктері бар жолаушыларға арналған бейімделген вагондар, сондай-ақ генераторлы вагондар бар.
Жаңа буындағы пойыздар 2026 жылдың қаңтарынан бастап тұрақты бағыттарға шығарылады. Заманауи вагондарда кондиционерлер, бейнебақылау, өрт сөндіру жүйесі, әр орынға арналған розеткалар мен USB-ұяшықтар орнатылады.
Компанияның мәліметінше, жаңа вагондардың іске қосылуы билет бағасына әсер етпейді.
«Жолаушылар үшін жол ақысы бекітілген тариф шегінде сақталады және жаңа вагондардың енгізілуіне байланысты қымбаттамайды», деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ.