Атырауда қысқы жылыту маусымына дайындық шеңберінде 16 шақырымнан астам жылу құбыры жаңартылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Алты айға созылған жоспарлы жөндеу жұмыстарының барлығы қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталмақ. Қазіргі таңда облыс орталығын жылумен қамтамасыз етіп отырған 400 шақырымдық жылу жүйесінің 64%-і тозған. Бұл көрсеткіш тұрғындарды үздіксіз жылумен қамту ісінде басты мәселе болып отыр. Өңірде 2025-2029 жылдарға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында арнайы жұмыс жоспары дайындалған. Биыл осы мақсатқа 1 млрд 500 млн теңге қаражат бөлінген болатын. Нәтижесі қандай?
Атыраудың топырағы тұзды болғандықтан жер асты құбырлары жиі істен шығатын. Ол жылу жүйесінің жұмысына қолбайлау болып келген еді. Биылдан бастап арнайы бетон қабаты бар, су өткізбейтін жаңа құбырлар қолданыла бастады. Бұл әдіс қымбат болғанымен, қызмет ету мерзімі ұзақ әрі қажет жағдайда жолды қазбай құбырларды ауыстыруға мүмкіндік береді.
Сергей Золотницын, учаске басшысы:
- Жер астындағы құбарыларды жөндеу кезінде асфальтты ашып, тас өрдік. Қазір құбырларды жалғауға кірісіп жатырмыз. Бұл жерде 1 автокран, 2 дәнекерлеу агрегаты және 7-8 жөндеуші жұмыс істеп жатыр. 3 қыркүйекте жұмыс басталды. Оны осы айдың 8-9-ына қарай бітіреміз.
Қысқа дайындықты мамыр айында бастаған мекеме құбыр ауыстыруды аяқтап қалған. Жаз бойы 5 бригада қала бойынша 6 ықшам ауданның жылу жүйелерін ауыстырып үлгерді. Биыл жоспарға енгізілген 16 шақырым құбырдың 13 шақырымы дайын. «Қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтаймыз», - дейді мекеме басшылығы.
Жұмахмет Елемесов, Жылу жүйелері мекемесі басшысының орынбасары:
- Әлі уақытымыз бар. Енді магистральды жүйелерді, жылу пункттерін, одан шығатын жүйелерді бәрін осы уақытқа дейін 93%-ке бітіріп отырмыз. Осы жұмыстың барылығына бізде 1,5 млрд теңге қарастырылған. Соны біз осы 15 қыркүйекке дейін бітіруіміз керек.
Облыс орталығындағы жылу құбырларының ұзындығы 400 шақырымнан асады. Оның 64%-інің тозығы жеткені туралы біз мәселе көтерген едік. Биыл жылу жүйесінің 70%-і жаңадан қапталды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рамхеметуллин