Шығыс Қазақстан облысында екі ауыл әкімшілік картадан алынып тасталмақ. Бұл туралы ШҚО мәслихатының сайтында жарияланған нормативтік-құқықтық акт жобасында жазылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жарияланған жобаға сәйкес, Катонқарағай ауданындағы Жамбыл ауылдық округіне қарасты Шұбарағаш ауылы және Үлкен Нарын ауданындағы Новохайрузов ауылдық округіне қарасты Құндызды ауылы таратылмақ.
Құжатқа сәйкес, елді мекендердің жойылуына халық санының азаюы мен әлеуметтік инфрақұрылымның болмауы себеп болған.
Жобаны мәслихат қарап, бекіткеннен кейін аталған ауылдар Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық картасынан ресми түрде алынады.