Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. Отырыс ұлттық энергетикалық жүйенің орнықтылығына арналды.
Жиында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов және бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады. Бүгінде Қазақстанның электр қуатын өндіруге қажетті ресурстары жеткілікті. Дегенмен сұраныстың ұдайы артуы қуат көздерін ұтымды әрі оңтайлы пайдалануды талап етеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, аграрлық секторға, өнеркәсіп пен экономиканың басқа да салаларына су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу маңызды. Сонымен қатар саланың ғылыми-техникалық және кадрлық жай-күйіне айрықша назар аударылды. Жиын соңында Үкіметке және өңір әкімдеріне отандық энергетика жүйесінің тұрақтылығына қатысты мәселелерді жан-жақты шешу тапсырылды.