Акула терісінің ұшаққа қандай пайдасы бар? Оны жануардың терісін жақсылап зерттеген аустралиялық мамандар біледі. Олар соның арқасында әуе кемесінің шығынын азайтпақ. Ал жапониялық Nintendo жаңа ойын консолінің 3,5 миллион данасы сатылды.
Аустралиялық MicroTau атты стартап ұшақтың отынын үнемдеп, ауа кедергісін азайтуға болатын арнайы қабықша жасап шықты. Идея авторлары акуланың терісін әбден зерттеген. Жануардың суда жеңіл қозғалуына терісінің көмегі зор. Әуе кемесіне арналған қабықша да солай жұмыс істейді. Ұшақтың сыртына жапсырылады. Микрожолақтар әуе ағынымен бір бағытта болғандықтан ұшу кезінде кедергі айтарлықтай азаяды.
Ребекка Лодин, MICROTAU инженерлік бөлімінің жетекшісі:
Жақында біз испаниялық Vueling әуе компаниясымен серіктестік орнаттық. Олар біздің өнімді өз ұшақтарында қолдануға рұқсат алу үшін сынақтан өткізіп жатыр. Ал болашақта тек авиациямен шектелмей, бұл технологияны кемелерге де қолдануға болады.
6 күн бұрын ғана шыққан Switch 2 видео-ойын консолінің 3,5 миллион данасы сатылған. Осылайша, бұл жапониялық Nintendo компаниясының тарихында ең жылдам сатылатын ойын құрылғысы болып отыр. Жаңа консолдің экраны 2017 жылғы нұсқаға қарағанда үлкейіп, графикасы жақсартылған.
Ал Германияның өнеркәсіп саласында жасанды интеллект негізіндегі алғашқы бұлттық платформа іске қосылмақ. Оны Nvidia компаниясы салады. Жаңа платформа ЖИ мен робототехниканы біріктіріп, BMW мен Mercedes-Benz сияқты автокөлік өндірушілеріне өнім дизайнын модельдеуден бастап, логистиканы басқаруға дейінгі өндірістік үдерістерде көмектеспек.
Темірлан Нұрсолтан