Солтүстік Қазақстан облысында кене қаптап, бір жарым ай ішінде дәрігерге 408 адам жүгінген. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда үш есе көп, деп хабарлайды Egemen.kz.

Күннің ерте жылынып, ауаның жоғары температурасы қыстағы ұйқыдан кейін аталған жәндіктердің тезірек оянуына себеп болған.

Эпидемиологтардың ескертуінше, кенелердің агрессивті мінез-құлқы – мамыр айында қалыпты жағдай, табиғат аясында серуендеген кезде аса сақ болу қажет.

Алдын алу шаралары жүргізілгеніне қарамастан, жұқтырған жағдайларды толық болдырмау мүмкін болмаған.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 5 адамға «кене энцефалиті» диагнозы қойылып, ауруханаға жатқызылған. Үшеуі Петропавлда, екеуі Қызылжар ауданында тіркелген 5 науқастың да жағдайы тұрақты, қайтыс болғандар жоқ.