Биыл Балқашқа 300 мың турист келді . Бұл былтырғыдан үш есе көп, деп хабарлайды 24kz.
Демалушылардың көптігінен коммуналдық мекеме жұмыскерлері мен экобелсенділерге айтарлықтай салмақ түскен. Жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында қаладан 700 тонна қоқыс шығарылды. Соның дені туристік маусым қызған шақта жиналған.
Биыл Балқаштағы «Жасыл ел» еңбек жасағына 250 жас тартылды. Олар жаздай аптап ыстықта күн сайын жүздеген қап қоқыс жинады. Туристік маусымның ең қызған шағында қалаға үш күнде 60 мың турист келді. Осыған байланысты коммуналдық қызмет пен еңбек жасақтарына еріктілер тобы көмектесті.
Эльвира Зекенова, Балқаш қаласы жастар ресурстық орталығы директорының м.а.:
- Демалуға келушілердің саны артуына байланысты «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысы екі еселенді десем қателеспеймін. Осы жылы бес мыңға жуық қапты шығарды. Оның барлығы жағалауда және көшелерде шашылған қоқыстар.
Қалада 80 мың адам тұрады. Күнделікте кемінде 30 жүк көлігі толы қоқыс шығарылады. Ал туристік маусымда жұмыс еселене түседі. Қала ішіне және Тораңғылық, Шұбартүбек сияқты демалыс аймақтарына қосымша көлік бөлуге тура келді. Бұған қоса 250 қоқыс контейнері қойылды. «Дегенмен, демалушылардың экологиялық мәдениеті әлі де көңіл көншітпейді», — дейді жергілікті билік өкілдері.
Данияр Серіков, Балқаш қаласы әкімінің орынбасары:
- Қала бойынша екі мердігер жұмыс жасайды. Біреуі рұқсат етілмеген қоқыстар бойынша, екінші мердігер сағат бойынша жұмыс жасайды. Олар күнделікті контейнерлік алаңдардың маңайындағы қоқыстарды күнделікті режимде шығарып отырды. Иә, көп туристердің мәдениеті орта деңгейде деп айтамыз. Себебі жағалауларың барлығына контейнер қойдық, 280-дік урналар қойдық. Оның барлығы күнделікті толып отырды. Күнделікті тазаладық.
Жыл басынан бері қаладан 700 тонна қоқыс шығарылды. Соның дені жазда жиналды. Қала аумағында заңсыз төгілген 86 қоқыс үйіндісі анықталған. Оның бірсыпырасы құрылыс қалдықтары болса, кейбірі кәсіпкерлік нысандардан, демалыс орындарынан шығарылды. Қазір рұқсатсыз төгілген қоқыс үйінділерінің 50-і жойылды. Мұндай жағдай қайталанбас үшін аумақтарға бейнебақылау орнатылып жатыр.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит