Жамбыл облысында жыл басынан бері 745 өрт болды.
Шығын көлемі 80 млн теңге. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін құтқарушылар рейдтік шараларды күшейтіп, жаппай жер үйлердің пешін тексеріп жатыр. Сонымен қатар улы газды сезетін құрылғылар орнатып, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді.
Тараздың төтенше жағдайлар қызметкерлері қыстың алдында рейдтік шараларды күшейтіп, пеш немесе газ жағатын тұрғындардың дайындығын тексереді. Қауіпсіздік ережелерін ескертіп, ақпарат қағаздарын таратады. Топ құрамында коммуналдық қызмет мамандары да бар.
Ербол Әміров, қалалық ТЖБ бастығы:
- Құтқарушылар олармен бірлесіп тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жылыту құралдары мен мұржалардың жағдайын тексереді. Қажет болған жағдайда мұржаларды тазартуға көмек көрсетеді.
Тексеріс тобы бір күннің ішінде Шөлдала шығын ауданы бойынша 600 үйді аралап шықты. Мамандар әр пештің жағдайын қарап, бітеліп қалған мұржаларды тазартып берді. Сонымен қатар улы газды сезетін датчиктер орнатты.
Наталья Садыкова, қала тұрғыны:
- Біз жылыту маусымына алдын ала дайындаламыз. Пешті ретке келтіріп, мұржасын тазалаймыз. Өйткені ол отын көмірден бітеліп қалады. Ал бүгін құтқарушылар датчик орнатып берді.
Биылғы жылыту маусымы облыс бойынша 3 мың белгі бергіш құрылғы орнатылады. Мамандар тексеріс кезінде газ құралдарын да мұқият қарады. Өткен айда олардан 400 ақау анықталды.
Бақтияр Көпбосынов, газ компаниясы филиалының директоры:
- Биыл біз газ құрылғысын пайдалану қауіпсіздігіне байланысты 22 мың 700 хабарлама жібердік. Сонымен қатар оны орындамаған мың абонент желіден ажыратылды. Тұрғындар көбіне мұржаны тазаламайды.
Өңірде өткен жылыту маусымында газдан 14 адам уланып қалды. Екеуі қаза тапты. Ал жыл басынан бері облыс бойынша 745 өрт болды. Бұл ретте төтенше жағдайлар қызметкерлері тұрғындарға сақ болуға кеңес береді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Анастасия Сүлейманова, Тимур Сейілхан, Эльдар Байділдә