Қарағанды облысында ерекше қажеттілігі бар жандар сұранысқа ие айти мамандығына онлайн оқып жатыр .
«Табыс» бағдарламасына қатысушылар кейін жұмысқа орналаса алады. Жоспар бойынша үш жылда 300-ден астам ерекше қажеттілігі бар адам мен олардың күтушісі оқудан өтеді.
Ерекше баланың анасы Гүлдана Совет «Табыс» бағдарламасына қатысқан. Ол бухгалтерлік 1С-бағдарламашы мамандығын меңгеріп, жұмысқа орналасты. Қазір үйде отырып табыс табады.
Гүлдана Совет, қала тұрғыны:
- Мен бұған дейін бухгалтер болып қашықтан жұмыс істедім. Бірақ білім мен тәжірибе жеткіліксіз болды, сондықтан әрі қарай өзімді дамытқым келді. Балам қазір алты жаста. Мүгедектік алғанымызға екі жыл болды. Бағдарлама біз сияқты үйде отырған адамдар үшін өте тиімді.
Жобаның басты мақсаты — ерекше қажеттілігі бар жандар мен олардың күтушілеріне заманауи IT мамандығын үйрету. Бағдарлама қатысушылары тегін түрде цифрлық дағдыларды меңгере алады. Қатысушылар тәжірибені IT-компанияларда жинайды. Былтыр 110 адам оқыса, биыл ерекше қажеттілігі бар 22 адам мен олардың күтушісі цифрлық білім алды.
Абай Амантай, «Табыс» бағдарламасының жетекшісі:
- Оқу 4 ай бойы онлайн және офлайн форматта өтеді. Денсаулығына байланысты, немесе орналасқан жеріне қарай сабаққа келе алмайтындар қашықтан, яғни үйде отырып дәрісті тыңдайды.
Биыл бағдарлама түлектерінің үшеуі IT-компанияларда табысты жұмысқа орналасты. Тағы тоғызы іс-тәжірибеден өтіп жатыр. Жоспар бойынша бағдарлама аясында 300-ден астам адам оқудан өтеді. Ең бастысы –жаңашылдыққа ұмтылып, жұмысқа деген ынтаның болуы, дейді ұйымдастырушылар.
Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит